Сайт туралы

Бұл сайт қазақ опера өнерінің аса көрнекті өкілі, халық әртісі Күләш Байсейітованың өмірі мен шығармашылығына арналған. Күләш Байсейітова - қазақ музыка өнерінің тарихында ерекше орын алатын, өзінің керемет дауысымен миллиондаған адамдардың жүрегін баурап алған ұлы әнші. Оның өнері мен мұрасы бүгінгі күнге дейін жас ұрпаққа үлгі болып келеді.

Өмірбаян

Күләш Байсейітова / Кулаш Байсеитова / Kulash Bayseitova

Күләш Жасынқызы Бәйсейітова (1912-1957)

Күләш Жасынқызы Бәйсейітова (1912-1957) — қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. КСРО халық әртісі (1936). КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1948-1949).

Өмірбаяны

Арғын тайпасы Тобықты руының Дадан бұтағынан шыққан. Туып-өскен жері – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Алайда, тарихшы-өлкетанушы Күләш Сардарбек «Күләштің туған жері бүгіндері Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылы. Бұл өлке ХХ ғасырдың басында Қотанбұлақ болысы, Қарқара уезі, Семей губерниясы атанған» - дейді.

Күләш Байсейітованың туған күні жайлы да мынандай деректер бар. Ұлы әншінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қыздары Қарлығаш және Раушан Байсейітовалар баспасөзге берген сұхбатында ресми құжаттардағы көрсетілген деректерді жоққа шығарады. Олар: «Негізгі туған күні қаңтардың 12-сі. Ол кезде құжатты бірден алмаған. Әрі сол күні Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған күні болғандықтан, анамыз туған күнін 2 мамырға ауыстырған еді» - дейді.

Өнерге келу жолы

Гүлбаһрамның әншілікке бейімдігі, музыкалық табиғи таланты кішкене күнінен-ақ байқалған. Бұлай болуға әкесі Жасын кезінде жап-жақсы әнші болғаны, ел аралап ән салғаны да елеулі себеп болса керек. Әкесі айтқан әндерге ынтыға құлақ түріп, ол жырлаған қиссаларды қызыға тыңдай зердесіне тоқып өскен зерек қыз тамаша музыкалық есте сақтау қабілетімен, қиялдай білер әсерлі ой-өрісімен өсіп жетіледі.

Күләш бала күнінде асқан әншілігімен суырыла шығып ел аузына аса ілікпесе де, жеті жылдық мектепте, кейін Қазақтың педагогика институтына түскеннен кейін оқи жүріп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан көркемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысады.

Содан 1930 жылы Қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, кешікпей-ақ театрдың белді әртістерінің қатарынан көріне бастайды.

Сахнада жүріп орындаған ролдері

  • Ж.Шаниннің «Шахта» спектакліндегі – Зейнеп
  • І.Жансүгіровтың «Кек» драмасында байдың қатыны – Қарыс
  • Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында - Пүліш; «Шұғасында» - Шұға образы
  • «Исатай-Махамбет» пьесасындағы хан қыздарының бірі
  • «Арқалық батырда» Қалмақ қызы
  • М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясының бас кейіпкері – Еңлік
  • А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы – Ажар бейнесі
  • М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы – Сара бейнесі

Сонымен қатар, орыс және Батыс Еуропа классиктерінің операларын қазақтың ұлттық театрының сахнасына шығаруда – К.Байсейітова – өзінің орындаушылық шеберлігімен де, қайраткерлік ісімен де бұл салаға үлкен ұлес қосқан өнер шеберлерінің бірі. Ол Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Баттерфлайдың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаның партияларын тұңғыш рет қазақ тілінде айтты.

Әншілік өнері

Күләш Байсейітова – концерттік әнші ретіндегі де кең танылған шебер орындаушы. Әр түрлі ресми делегациялар құрамында, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен жеке концерттік бағдарламада, бригадалармен сан алуан сахналардан орындаушылық қырымен танылады.

Әншінің тұрақты репертуарында 30-40-тай ән-романстар болып, талай көрермен тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленген. Күләштің орындауындағы «Сараның ариясы», «Ажардың ариясы», «Шіркін-ай», «Гәкку», «Қос қарлығаш», «Бұлбұл», «Қазақ вальсі» және көптеген басқа әндер ерекше сезіммен, жүрек қылын тарта отырып тыңдармандарына жеткен.

Күләш Бәйсейітова концерттік әнші ретінде де дүниежүзіне танылған қайталанбас дарын иесі бола білді.